"Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесінің "Шуақ" Алакөл арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ақпарат
Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Қабанбай ауылында 2018 жылдың қазан айында психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мақсатында «Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Шуақ» Алакөл арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылды.
Орталық – стационарлық жағдайда тәулік бойы тұрақты тұруға арналған, мемлекеттік меншік нысанындағы стационарлық үлгідегі әлеуметтік ұйым. Мұнда қызмет алушыларға қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру жағдайы жасалып, олардың денсаулығын сақтау, әлеуметтік бейімдеу және қоғамға бейімделуіне бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіледі.
Мекеме директоры – Максутбаев Ернур Алибекович, директордың әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары – Кабдылдаева Жанар Ахметчановна. Қазіргі уақытта мекемеде 40 қызмет алушы тұрады және оларға 57 қызметкер сапалы қызмет көрсетеді.
Орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрықтарын жүзеге асыру, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету кезінде сапасын, көлемін және шарттарын белгілейтін стандарттарға сәйкес қызмет көрсету. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыру, оларды қоғамға бейімдеу, әлеуметтік қолдау көрсету және олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мекеменің басты бағыттарының бірі болып табылады.
Мекемеде қызмет алушылардың жеке басының қауіпсіздігі мен қолсұғылмаушылығы толық қамтамасыз етіледі. Стационарлық үлгідегі ұйым ретінде орталықта қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Қызмет алушылардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, олардың жеке даму деңгейін арттыру, әлеуметтік ортаға бейімдеу және қоғамға интеграциялау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылады.
Орталықта әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек және әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетіледі. Қызмет алушыларға күнделікті тұрмыстық қолдау көрсетіліп, олардың денсаулығын бақылау, емдік-профилактикалық жұмыстар жүргізу, психологиялық қолдау көрсету және шығармашылық, мәдени-танымдық іс-шараларға қатысуына мүмкіндік беріледі.
Мекемеде әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, дәрігерлер, орта буын медициналық қызметкерлері, психолог, мәдени ұйымдастырушы, еңбек терапиясы жөніндегі нұсқаушы және мұғалімдер еңбек етеді. Мамандардың бірлескен жұмысы қызмет алушылардың өмір сапасын жақсартуға, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, еңбекке баулуға және әлеуметтік ортада өзара әрекеттесу дағдыларын дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар орталықта түрлі мәдени-спорттық шаралар, мерекелік іс-шаралар, шығармашылық және еңбек терапиясы сабақтары тұрақты түрде өткізіліп, қызмет алушылардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасалады.
«Шуақ» орталығы мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсетіп, олардың қоғамда өз орнын табуына, өмірге бейімделуіне және әлеуметтік қолдауға ие болуына бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.






